НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Тараз қаласында ұсталған жігіт полициядан қашып кетті. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Видеода қара жейде киген жігіттің әйелмен қоштасып жатқаны анық көрінеді. Олардың жанында патрульдік полицияның көлігі тұр. Оң жақ есігі ашық. Ішінде тәртіп сақшылары отыр. Ал полицейлердің біреуі есікті жауып қалғанда далада тұрған ер адам қаша жөнеледі. Газ құбырымен өрмелейді де, жоғарыдағы тікенді сымнан секіріп өтеді. Қызыл жейде киген жігіт бірден төбеге шығады. Бірақ киімі тікенді сымға ілініп қалады. Форма киген тағы бір полицей де қашқынның артынан жүгіреді.
Әлеуметтік желіде қашқынды ұстау операциясының видеосы да жарияланды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 5 тамыз күні кешкі сағат 17:30-де болған. Түрмеден мерзімінен бұрын босатылған Тараз қаласының 26 жастағы тұрғыны Иван Зозуля белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін 2 жыл 10 айға қамауға алынған. Ал қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 158/1 мекемесіне апарғанда қашып кеткен.
"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Зозуля 8 тамызда сағат 21:00-дің шамасында "Қарасу" шағын ауданында ұсталды. Қылмыстық кодекстің 426-бабымен, яғни, күзеттен қашқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осы қылмысты жасағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - дейді полицейлер.
Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі кезде ол тергеу изоляторына қамалды. 2012 жылы Зозуля заңсыз қару сақтағаны және есірткі заттарын өткізгені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.