НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Дәрігерлер Бейнеу ауданындағы "ҚазМұнайТеңіз" жатақханасынан шыққан өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің жағдайы қанағаттанарлық. Бұл туралы Тумба.kz басылымы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Зардап шеккендердің бірі – 37 жастағы Бейнеу ауданының тұрғыны. Өрт кезінде ол жанып жатқан ғимараттан шығу үшін жатақхананың терезесінен секірген. Ер адам өкше сүйегін сындырып, қолын жарақаттап алды. Ол орталық аудандық аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды.
Тағы бір зардап шегуші – 56 жастағы Құлсары қаласының (Атырау облысы) тұрғыны. Ол да терезеден секірген, жарақат алмады, бірақ иіс газынан уланып қалған. Ер адам ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта науқастың жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда, ол дәрігерлердің бақылауында. Жақын арада үйінде емделуге жіберіледі.
Зардап шеккендердің екеуі де вахталық әдіспен жұмыс істейді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Маңғыстау облысындағы Боранкөл кен орнында "ҚазМұнайТеңіз" компаниясының екі қабатты жатақханасы өртенді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан екі адам – 58 жастағы ер адам (Ақтау) мен 45 жастағы әйел (Бейнеу) көз жұмды.