Оқиға

Арыстағы төтенше жағдай: 1700 адам көшірілді

© Photo : ДЧС Туркестанской областиАрыстағы сары фосфор тиелген вагон
Арыстағы сары фосфор тиелген вагон - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.08.2021
Жазылу
Төтенше жағдай орнында 300-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – адамдардың зиянды бумен улануына жол бермеу

НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз — Sputnik. Арыста сары фосфор өртенген Наурыз шағын ауданынан тұрғындарды эвакуациялау жалғасып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, кеше сағат 17.30 шамасында Арыс стансасында Жамбыл облысынан Ресейге жөнелтілген сары фосфор тиелген контейнерден өрт шықты.  

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға болған жерге Арыс қаласының №7 өрт сөндіру бөлімшесінің бес техникасы мен 30 адам аттанған. Өртті ауыздықтауға 20 әскери мен "ҚТЖ ҰК" АҚ өрт сөндіру пойызы, №44859 әскери бөлімшесінің екі өрт сөндіру автоцистернасы жұмылдырылды. Мамандар жанып жатқан вагонды өзгелерінен ағытып, қауіпсіз қашықтыққа әкетті. Контейнер сол жерде ашылып, өрт арнайы көбік көмегімен сөндірілді. 

Улану қауіпі бар аймақтан Наурыз шағын ауданының 1700 тұрғыны эвакуацияланды. Олардың 1050-і туыстарының үйіне жайғастырылды, 650 адам төрт мектепте ашылған уақытша эвакуациялау пунктіне орналастырылады.

Өртті сөндіруге және оның салдарын жоюға барлығы 291 адам жұмылдырылды. Өрт кеше кешкі сағат 19.22-де оқшауланып, 21.55-те сөндірілді. 

Полиция оқиға болған жерге блок пост орнатып, апат орнын оқшаулады. "ҚТЖ ҰК" АҚ оқиғаның шығу себебін анықтау үшін комиссия құрды. Алдын ала болжам бойынша жүкті жөнелтуші жүк тиеудің техникалық талаптарын бұзған.

Сары фосфор жанған кезде фосфин токсинді газы түзілетіні мәлім, ол аса улы заттар қатарына жатады. Ең алдымен жүйке жүйесіне кері әсерін тигізіп, зат алмасу процесін бұзады. Сонымен қатар қан тамырлары, тыныс алу жолдары, бауыр мен бүйрекке де зиян. 10 мг/м³ концентрациямен ұзақ уақыт тыныс алу улануға, соңында өлімге әкеліп соғады.  

Оқи отырыңыз: Арыста сары фосфор өртенді: ҚТЖ төтенше жағдайдың алдын ала себебін атады

 

Жаңалықтар
0