НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. 13 наурызда Ан-26 ұшағының апатынан зардап шеккен екі әскери қызметші ауруханадан шығарылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады.
№4 қалалық ауруханасының бас дәрігері Сағи Бейсенбековтің айтуынша, екі әскери қызметші де толық емдеу курсын алғаннан кейін қанағаттанарлық жағдайда медициналық мекеменің стационарынан шығарылды.
"Тоқсан бес күн бойы екі пациент Алматы қаласының 4-ші қалалық ауруханасының бейінді бөлімшесінде ем алды, 18 маусымда әскери қызметшілер сауығып шықты", - дейді дәрігер.
Естеріңізге сала кетейік, 14 мамырда әскерилер реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды.
Әскери ұшақ апаты
13 наурыз күні кешке Алматы маңында ұшақ құлады. Шұғыл қонуға мәжбүр болған Ан-26 әскери ұшағы Қызыл Ту ауылының маңына құлады, оның соңы өртке ұласты.
Борттағы алты адамның төртеуі қайтыс болды. Апат болған кезде аман қалған екі әскери қызметші ауыр жағдайда жақын маңдағы 4-ші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті құлаған ұшақ олардың авиациялық қызметіне тиесілі екенін мәлімдеді. Апаттың себебін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.