КӨКШЕТАУ, 15 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысында Атбасардан 20 шақырым жерде жантүршігерлік жол апаты болды. Екі көлік соқтығысып, оның біреуінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ол Тарасов ауылдық округінің әкімі Мирасхан Мұратов екені белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Дүйсенбі, 14 желтоқсанда сағат 23.30-да Атбасар аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жедел жәрдем диспетчерінен хабарлама түскен. Ол Екатеринбург – Алматы тасжолында, Атбасардан 20 шақырым жерде жол апаты болғанын айтқан.
"Алдын ала мәлімет бойынша, DAF автокөлігінің жүргізушісі, Орал қаласының тұрғыны рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, ВАЗ-21214 автокөлігімен соқтығысқан. Бұл көлікті Державинск қаласының 51 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан", - деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ВАЗ-21214 жүргізушісі оқиға болған жерде алған жарақатынан қайтыс болды. Ол – Тарасов ауылдық округінің әкімі Мирасхан Мұратов.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сараптама тағайындалды. DAF автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау абақтысына жабылды. Тергеу жалғасып жатыр.