НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 5 триллион теңгеден асады. Кейінгі 1 жылда тұтынушылық кредиттің көлемі 18 процентке өскен.
Сарапшылар мұны инфляцияның өсуі және тауардың қымбаттауымен байланыстырады, деп жазды Хабар 24.
Жалпы банктен алған қарызды мерзімінен бұрын қайтарып, кредитті толық жабуға бола ма? Ондай жағдайда үстеме ақы қалай есептеледі? Кредитті мерзімінен бұрын толық қайтару кімге тиімді? Банктер үшін емес, әрине. Себебі мұндай жағдай қаржы ұйымын пайдадан қағады. Сондықтан кейбір банктер несиені мерзімінен бұрын жабуға рұқсат бермейді немесе бұл үрдісті барынша қиындатады. Олардың бұл әрекеті заң талаптарына сай келе ме?
"Бір де бір банк қарызды мерзімінен бұрын қайтаруға өздігімен шектеу қоя алмайды. Елде кредитті толық жабу жүйесін реттейтін арнайы заң бар. Заңның 34-бабының 7-тармағында егер қарыз алушы қаржыны кәсіп ашу мақсатында алмаса, 14 тәуліктен кейін толық қайтаруға құқылы екені айтылған. Сәйкесінше үстеме ақы тек сол күндер үшін ғана есептелуге тиіс", - дейді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.
Тұтынушылық несие негізінен арнайы бір мақсатқа берілмейді. Қаржы ұйымдары қарыз берген жеке тұлғадан ақшаны қайда, қалай жарататынын сұрамайды. Сондықтан оның кәсіп ашуға жұмсалғаны қағаз жүзінде көрсетілмеген. Яғни кез келген адам кредитті мерзімінен бұрын жабуға мүмкіндігі болса, келісімшарт жасалған күннен 14 тәулік өткеннен кейін сол күндер үшін есептелген үстемені қосып қана қайтаруға құқылы.
Бірақ осы жерде ескере кететін бір жәйт бар. Елдің "Банк және банк қызметі туралы" заңында "бір жылға берілген қарызды алты ай өтпей жапсаңыз, қаржы ұйымы үстеме ақыны толық бір жылға алуға құқылы екені айтылады. Қаржы ұйымдары осы ережені өз пайдасына шешетін көрінеді.
"Егер қарызды 3 жылға рәсімдеп, бір жылдан кейін толық қайтарғыңыз келсе, бұл заң сізге шек қоймайды. Қаржы ұйымдарының сізден үш жылға есептелген үстеме ақыны талап етуге құқығы жоқ. Кредитті жапқанда үстеме ақы сол күнге дейін ғана есептелуі тиіс", - деп түсіндірді Нұржан Биякаев.
Егер қарызды мерзімінен бұрын қайтаруды жоспарласаңыз бұл туралы банкке өтініш қалдыру керек. Соған сәйкес қаржы ұйымы қарыз сомасын қайта есептеп, нақты берешегіңізді хабарлайды. Егер олай болмаған жағдайда кез келген азамат елдің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады.
Айта кетері, осы агенттік ашылғалы қаржылық қызметті тұтынушының құқығын қорғайтын бірнеше өзгеріс енгізілді. Соның бірі кредит алу кезінде берілетін бірыңғай жадынама. Онда кредитке қатысты негізгі ақпарат жазылады. Мәселен қарыз сомасы мен валютасы, қарыз мерзімі, төлем саны, өтеуге тиіс жалпы сома сыйақының жиынтық сомасы және басқа да мәліметтер жазылған.
Қазір елдегі барлық банк қарыз алушыға шартпен бірге осы жадынаманы ұсынуға тиіс. Бұл азаматтың бірнеше қаржы ұйымын салыстыра отырып тиімдісін таңдауға мүмкіндік береді. Ал негізгі талаптар келісімшартта көрсетілген. Сондықтан қарыз аларда онымен мұқият танысып шыққан абзал.
Оқи отырыңыз:
- Кредит алуға ерікті түрде тыйым салу тетігі енгізілуі мүмкін – сарапшылар пікір білдірді
- Баспана бағасы арзандай ма – сарапшылар болжам жасады
- Банк картаны бұғаттап тастаса, не істеу керек