Дерекқор

Банк картаны бұғаттап тастаса, не істеу керек

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.08.2021
Жазылу
Қазақстанда заң бойынша карта шоты емес, төлем картасы бұғатталады. Банк картаны қандай себептермен бұғаттауы мүмкін және мұндай кезде не істеу керек? Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстандықтар тауар мен қызмет ақысын төлеу үшін төлем картасы жиі пайдалана бастады. Ұлттық банктің мәліметінше, соңғы бес жылда халықтың ақша аударымдары мен мен қолма-қол ақшасыз төлемдерінің көлемі 22 есеге өсіп, 2020 жылы 35,3 триллион теңгені құраған. Бүгінде төлем картасы қазақстандықтар үшін есеп айырысудың негізгі құралына айналды.

Картаның бұғатталуы деген не

Қазақстан заңнамасы аясында "бұғаттау" ұғымы төлем карталарына ғана қатысты қолданылады. Бұғаттау – төлем картасын пайдаланып операция жасауға, соның ішінде тауар ақысын төлеуге және қолма-қол ақша шешіп алуға тыйым салу.

Қазақстанда "карта шоты" деген бөлек ұғым жоқ. Төлем картасы – адамға кәдімгі банк шотына жол ашатын құрал.

Тағы оқыңыз: Басқа біреу сіздің атыңыздан кредит алса не істеу керек: қарыздан құтылу жолдары

Төлем картасын бұғаттау шарттары, атап айтқанда тәртібі, әдістері мен банктің клиентке хабарлама жолдау ережелері картаны шығару туралы келісімшартта жазылады. Сол себепті келісімшартқа қол қоймастан бұрын оны мұқият оқып алған жөн.

Банк қай кезде картаны бұғаттауы мүмкін

1. Егер ПИН-код бірнеше рет қате енгізілсе

Кейбір банктерде банкоматта ПИН-кодты үш рет немесе бес рет қате терсеңіз, карта автоматты түрде бұғатталады. Әдетте банк клиенттерге бұл жайлы ескертеді және қосымша ақпарат үшін сол банктің байланыс орталығына жүгінуді ұсынады.

Мұндай жағдайда ПИН-код енгізу есептегішін нөлге түсіру қажет. Мұны банктің мобильді қосымшасындағы "Баптау" бөлімінде жасауға болады немесе банктің call-орталығына хабарласу қажет.

2. Егер транзакция банкке күмәнді көрінсе

Қазақстан банктері күмән тудыратын транзакцияларға көп көңіл бөледі. Қолма-қол ақшасыз төлем өскен сайын қаржы алаяқтығы да көбейіп барады. Сол себепті банктер картамен жасалатын алаяқтық операциялардың алдын алу үшін тиісті шараларды қолға алуда.

Егер, банктің пікірінше, операция күмәнді көрінсе, банк карта бойынша транзакцияның жекелеген түрлеріне жүйелік шектеулер қоюы мүмкін. Нәтижесінде карта мен оған байланған банк шоты бұғатталады. Осыдан кейін банк клиентпен байланысқа шығады: SMS, электронды пошта немесе телефон нөмірі арқылы.

Күмәнді транзакция байқалса және картаны бұғаттауға негіз болған жағдайда банк клиенттің мүддесі мен қаражатын қорғау үшін оны бұғаттайды.

Тағы оқыңыз: "Нені дұрыс жасамай жүрсіз?" Ақша жинаудың қарапайым 15 тәсілі

Егер қаржы институтының күмәні расталып, алаяқтар шотыңыздан ақша шешіп алуға тырысқаны анықталса, онда бұғаттау операцияны тоқтатады. Мұндай жағдайда банк картаны толығымен бұғаттайды, оны қайтадан шығаруға тура келеді.

Алайда алаяқтар мұндай схеманы өз мақсатында пайдалануы мүмкін. Сізге "банктен" карта бұғатталғаны және оны бұғаттан шығару үшін дереу сілтемеден өту туралы хабарлама келуі мүмкін. Немесе "банк қызметкері" телефон шалып, алаяқтардың шабуылына байланысты карта бұғатталғанын айтады, психологиялық қысым көрсетіп, картаның артқы жағындағы үш таңбалы кодты және SMS арқылы келетін кодты хабарлауды сұрайды. Мүлде сенбеңіз, бұл алаяқтардың ісі. Олар банктер мен басқа да ұйымдардың ресми нөмірлерін қолдан жасауды баяғыда үйреніп алған. Алаяқтың құрбанына айналмас үшін банктің қауырт желісіне қоңырау шалып, карта мен шотыңызды тексеріп алыңыз. Банкке алаяқтардың шабуылы жайлы хабарлауды да ұмытып кетпеңіз.

3. Егер банк заң бұзу белгілерін байқаса

Бұл жерде " Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан заңы сөз болып тұр. Банк операцияны күмәнді деп санаса, карта мен шотты бұғаттайды. Мысалы, ақша қылмыстық жолмен алынса немесе операция терроризмді, я да басқа қылмыстық қызметті қаржыландыруға бағытталса. Банктерде мұндай операцияларды анықтауға көмектесетін белгілер тізімі бар, олар соны басшылыққа алады.

Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, мән-жайды анықтау үшін банкке бару керек. Әйтпесе сіз заң бұзатын клиенттердің "қара тізіміне" ілінесіз. Банкке қандай төлем жасағыңыз келгенін түсіндірсеңіз, жеткілікті.

Карта мен шот тағы қандай жағдайда бұғатталады

Банк транзакцияны уақытша тоқтату түрінде шектеу қоюға, сондай-ақ банк шотында жатқан ақшаны бұғаттауға құқылы.

Мұндай шектеулердің бәрі мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тиісті шешімдері негізінде қолданылады. Сот орындаушы, сот алимент төлемеу, салықтан жалтару, үшінші тұлға алдындағы борыш, айыппұл және тағы басқа бойынша шешімдер негізінде шотты бұғаттауы мүмкін.

Тағы оқыңыз: Кредит картасынан қалай пайда табуға болады

Банк клиенттері төлем картасының бұғатталу себебін, банк шоты бойынша операция жүргізу неге тоқтатылғанын білуге құқылы. Ол үшін сол қаржы институтына бару керек. Егер клиент банк әрекетінің заңдылығына күмән келтірсе, өз құқығы мен мүддесін қорғау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады.

Банк жалақы картасын бұғаттай ала ма

Жауабы – иә. Себебі сізге жалақы түсетін карта кәдімгі төлем картасымен бірдей.

Айта кетері, мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер аударуға арналған арнайы шотты ешкім де бұғаттай алмайды. Арнайы шотты, мәселен, әлеуметтік жәрдемақы және мемлекеттен басқа да төлем алатындар, алимент алушылар, білім беру жинақтаушы салымының иелері ала алады.

Ескере кететін жәйт: арнайы шотта жатқан қаражат бұғатталмайды, банктердің немесе сот орындаушыларының талабы бойынша өндіріп алуға жатпайды.

Жаңалықтар
0