НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Үкімет ауылдарда қарамағындағы қызметкерлері үшін үй салған жұмыс берушілердің шығынын субсидиялау тетігін енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Президенттің тапсырмасымен жұмыс беруші ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салса, шығынының 50%-ін субсидиялау тетігін енгізу пысықталып жатыр", - деді ол үкімет отырысында.
Яғни, жұмыс беруші өз ақшасына жалпы ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй салады. Баспана бағасы бір шаршы метр үшін 100 мың теңгеден аспауға тиіс.
Үй пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет жұмыс берушіге құрылысқа жұмсалған шығынның бір бөлігін, яғни үй құнының 50 процентін қайтарады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ауылға барған дәрігерлерге 3 миллион теңге көтерме ақы төленеді
"Баспана жұмыс беруші мен жұмыскер арасында бес жылдық мерзімге жасалған еңбекшарт болған кезде ғана ұсынылады", деді Атамқұлов.
Аталған тетікті жүзеге асыруға 14,3 миллиард теңге қажет.