НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір — Sputnik. Нұр-Сұлтанда Байқоңыр ауданында темір төбешіктен сырғанаған төрт жасар бала жарақат алды. Желіде оқиға орнында түсірілген видео тарап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қаңылтыр баланың саусағын кесіп кетті. Травматологиялық пуктте алғашқы хирургиялық көмек көрсетілді. Мамандар жараны өңдеп, саусақтың тұқылы қалды. Гипс салынды. Баланы амбулаториялық емдеуге жіберді", - дейді дәрігерлер.
Байқоңыр ауданының әкімдігі барлық медициналық және материалдық көмек көрсететін болды. Қазіргі кезде темір төбешікті бұзылып, ауладан шығарылды.
Ал қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Осы бапқа сәйкес, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 160 АЕК-ке (466 720 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.