Білім

Депутат мектептегі жаңа талапқа алаңдаушылық білдірді

© REUTERS / CARL RECINEоқу құралдары
оқу құралдары - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.10.2021
Жазылу
Шектеу шараларының талаптары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан алынды, дейді Алексей Цой

НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан – Sputnik. Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова ел мектептеріне енгізілген санитарлық талап балалардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Депутат биыл оқушылар дәстүрлі оқу форматына ауысқанын еске салды. Соған байланысты мектепте санитарлық талаптар күшейді. "Бір класс – бір кабинет" жүйесі енгізілді. Демек оқушылар барлық пәнді бір кабинеттен шықпай оқиды.

"Бұл принцип балалардың мектепке кіргеннен шыққанға дейін бір бөлмеде отыруын көздейді. Демек, үзіліс кезінде де олардың сыртқа шығуына тыйым салынған. Мұндай талап олардың денсаулығына кері әсерін тигізбей ме? Балалар далаға шықпайды, бұрынғыдай ойнамайды, яғни қозғалмайды", - деп сұрады ол  үкімет сағатында денсаулық сақтау министрінен.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы бұл талап арқылы оқу процесін қауіпсіз ету көзделгенін айтты.

"Өкінішке орай мұндай форматта оқуға мәжбүрміз. Өйткені онлайн оқу мен "бір класс – бір кабинет" форматы арасында таңдау жасадық. Шектеу шараларының талаптары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан алынды. Ұйымның оқу процесін ұйымдастыру туралы нақты талаптары бар. Және біз оны ұстанамыз", - деді Цой.

Оның айтуынша, кабинеттен шықпау талабы толықтай орындалып отырған жоқ.

"Балаларды ұстап отыру оңай емес, олар дәлізге шығады. Сыныптардың өзара араласпауын қадағалауға тырысамыз. Үлкен үзілістердің өзі көп адамның шоғырлануын болдырмау үшін интервалмен жасалады", - деді ол.

Баланың физикалық дамуына нұқсан келмеуі үшін мектепте дене жаттығуларын жасауға кеңес берілген. Кабинеттерді желдету, кварцтау жүзеге асырылады.

"Қазіргі кезде рециркулятор деп аталатын ауаны тазартатын құрылғылар қойылып жатыр. Ол балалар сыныпта болмаған кезде ауаны тазартады. Елорданың біраз мектебіне мұндай құрылғыны орнаттық", - деді ол.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0