Бас тарту – ежелден келе жатқан рәсімдердің бірі. Жиын-той, ас кезінде, қонақ күткенде сойылған қойдың басы қадірлі, сыйлы адамға беріледі. Бас мүшесі жаратылыстың, әлемнің бастаушы күші деген ежелгі наным-сенім бар. Қойдың басы құйқа терісімен берілетіндіктен, оны тазалап үйітуге және жууға баса назар аударған жөн. Үйітілген, жуылған қойдың басы жағынан айырылады. Кейін кеңсірігі тазалап жуылады. Бас тартылған ақсақал оны жалғыз өзі мүжімей, ауыз тиген соң жанында отырғандарға үлестіреді. Бірақ бастың екінші жағына пышақты тигізбейді. Бастың бір жақ бөлігін жемеу, оның ас иесіне толықтай жетіп, ол да бастан ауыз тисін деген ниетпен жасалады. Бастағы кәделі мүше - құлақ үйдің кішілеріне беріледі.