АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Маңғыстау облысында полицейлер Ыбықты Сай шатқалы аумағына жазу жазып кеткен ер адамды анықтап, жауапкершілікке тартты.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері белгісіз ер адамның өзінің аты-жөні мен автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірін жазып кеткен бейнежазбаны анықтады.
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде құқық бұзушының кім екені анықталды. Ол — 2005 жылы туған азамат. Ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды", - дейді полиция.
Іс материалы процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар құқық бұзушы жазған жазуларын өшіріп, аумақты бастапқы қалпына келтірді.