Қазақстанда Аналар күні аталып өтіп жатыр

Он жылдан астам уақыт бойы консультативтік-кеңесші орган ретінде Аналар кеңесі де маңызды жұмыс атқарып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Жылда мамыр айының екінші жексенбісінде, елімізде Аналар күні атап өтіледі. Премьер-министрдің орынбасары және мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әйелдерді осы мерекемен құттықтады.
"Жүрекке жылу ұялататын, мейірім мен махаббатқа, алғыс пен құрметке толы бұл мереке бізге өмір сыйлаған, ақ сүтімен әлдилеп, аялы алақанымен мәпелеген, шексіз сүйіспеншілігі мен қамқорлығын арнаған асыл жандарға арналған. Ана – әр адам үшін ең қымбат ұғым. Мейірімнің бастауы, ізгіліктің шуағы, отбасының берекесі мен ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі", - деп жазды вице-премьер.
Аида Балаева қазақ дүниетанымында ана бейнесі қашанда айрықша қастерленгенін еске салып, ананың ақылы мен өнегесі, сабыры мен мейірімі арқылы ұрпақтан ұрпаққа құрмет, ізет, жанашырлық, жауапкершілік сияқты асыл құндылықтар жалғасып келе жатқанын айтты. Бұл құндылықтар – халқымыздың рухани тұтастығы мен елдігіміздің берік негізі, деді министр.
"Бүгінде Қазақстанда ана мен баланы, отбасы институтын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік қолдау шаралары жетілдіріліп, мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі артып, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесі нығайтылып жатыр", - деді премьер-министрдің орынбасары.
Ол әйелдердің еңбек етуіне, кәсіби дамуына және отбасылық міндеттерімен үйлесімді өмір сүруіне жағдай жасалып келе жатқанын, жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамалар қолға алынып, Отбасын қолдау орталықтарының желісі кеңейіп жатқанымен бөлісті.
"Сонымен қатар он жылдан астам уақыт бойы консультативтік-кеңесші орган ретінде Аналар кеңесі де маңызды жұмыс атқарып жатыр. Осы айтулы күні барша аналарға даналығы, төзімі, мейірімі мен ақ ниеті үшін шын жүректен алғыс айтамын. Аналарымыз аман, шаңырақтарымыз шаттыққа толы болсын! Анамызбен бірге өткізген әрбір сәттің қадірін терең сезіндіретін мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын Отбасыларыңызға жылулық, махаббат, береке-бірлік пен амандық тілеймін!", - деп құттықтады Балаева.
Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтады