АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау үшін Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан 6,4 млрд текше метрден астам су жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында Ертіс өзенінің жайылма алқаптарын суландыру жұмыстары жалғасып жатыр.
"Бүгінде суландырылған аумақ көлемі 257,2 мың гектарға жетіп, жалпы жоспарланған аумақтың шамамен 76 пайызын құрады", деп жазылған хабарламада.
Шүлбі су қоймасынан табиғатты қорғау мақсатында су жіберу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі.
"Бұл балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасауға, жайылма алқаптарды суландыруға және Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығының мал азығы қорын сақтауға мүмкіндік береді", - деді Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.