АСТАНА, 7 мамыр – Sputnik. Жамбыл облысында кене шаққан ер адам безгектен қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай Шу ауданында болған. Кене шаққан малшы дер кезінде дәрігерге бармай, ауруды асқындырып алған. Малшылардың айтуынша, кене қаптап кетті.
"Құмның орнында көп, отырған жеріңде атпен отырсаң да, былай отырсаң да, құмның астынан кене шыға береді. Қазір ол жақта малдар құрттап жатыр, сол кененің кесірінен. Жаңа туған қозылардың жұмсақ жері — төсіне жармасады. Кене шағады, оның орнын қасиды, тебінеді, қанайды, содан кейін құрттайды", - дейді Жұмабай малшы.
Өрістегі малдың мазасын алған жәндіктер адамдарды да айналып өтпеген. Табиғат аясында тыныстауға шыққан жүздеген адамды кене шаққан. Олардың басым бөлігі жұқпалы аурудан аман. Ал кенеден келетін кеселді елемей, уақыт өткізіп алған малшыны құтқару мүмкін болмапты.
Мамандар мұндай жағдайдың алдын алу үшін бірден ауруханаға барып, екпе алуға кеңес беріп отыр.
"Ауру асқынып кетсе кеш болады. Қазір халықты қауіпті індеттен қорғау үшін көктемгі зерделеу басталды. Аурудың табиғи ошағы саналатын жерлерден 2700-ден астам кене жиналып, зертханаға жіберілді. Нәтижесінде 151 кенеден қауіпті безгектің жұқтырғышы анықтылып отыр", - дейді санитар-дәрігер Нелли Мүлікова.
Бұған дейін Жамбыл облысындағы 42 елді мекеннен Конго-қырым геморрагиялық безгегінің қауіпті белгілері анықталған болатын. Қайғылы жағдайдан кейін бұл елді мекендерден қайтадан сынама алынып, зертханаға жіберілді.