Жануарларға қатыгездік көрсеткендер үшін жаза қатаңдатылады

Қылмысты ауырлататын жағдайлар болса, үш жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары қолданылуы мүмкін
Sputnik
АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Мәжіліс жануарларға қатыгездік көрсеткендер үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту тәртібін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президенттің тапсырмасымен жануарларға қатігездік көрсеткені үшін жауапкершілік айтарлықтай қатаңдатылады. Атап айқанда, жануарларға қасақана жарақат салу немесе өлтіру бойынша әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін айыппұл көлемі істің ауырлығына байланысты бірнеше есеге артады. Ал қайталанған немесе ауыр заң бұзушылықтар болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылады.
Жаза түрлері:
2000 АЕК-ке (8 650 000 теңгеге) дейінгі айыппұл;
түзеу жұмыстары;
қоғамдық жұмыстар.
"Қылмысты ауырлататын жағдайлар болса, үш жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру, сонымен қатар бес жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазалары қолданылуы мүмкін", - делінген заңда.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылық құралдарын тәркілеу және болашақта жануар асырау құқығынан айыру сияқты қосымша шаралар қарастырылған.
Иесіз жануарлардың санын реттеуге қатысты заң президентке жіберілді