АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар күніне орай бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады, деп хабарлады Ақорда.
"Президенттің Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы табыстаған мемлекеттік марапаттардың қатарында І, ІІ және ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені, І және ІІ дәрежелі "Даңқ" ордені, "Ерлігі үшін" және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдері бар. Ол прокуратура, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің және Ұлттық ұлан өкілдеріне берілді.
Сонымен қатар мемлекет басшысы әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер табыс етті.