АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Ақтөбеде әкімдік инвестордың электр станциясын салуына кедергі келтірген, деп хабарлады бас прокуратура.
Ақтөбе қаласының прокуратурасы электр станциясын салу бойынша стратегиялық маңызды жобаны іске асырушы инвестордың құқықтарын қалпына келтірді.
"Жобаның жалпы инвестиция көлемі 100 млрд теңгені құрайды, бұл бастапқы кезеңнің өзінде 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға және өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.
Анықталғандай, әкімдік 35 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге заңсыз түрде бас тартқан және оның себебін қаланың бас жоспарына сәйкес келмеуімен негізделген. Аталған мәселені жан-жақты зерделеу барысында жер учаскесінің негізгі бөлігі өндірістік аймақта орналасқаны анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жергілікті атқарушы органның заңсыз шешімі бұзылып, әкімшілік кедергі жойылды.
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтіргені үшін кінәлі лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта инвестициялық жобаны іске асыру жалғасып жатыр.