Түркістан облысында көпірді су шайып, тұрғындар эвакуацияланды

Уақытша өткел ұйымдастыру үшін арнайы техника жұмылдырылды
Sputnik
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында өзендегі су деңгейі көтеріліп, құтқарушылар 81 адамды эвакуациялады, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
Облыстың Төлеби ауданында, Ақмешіт ауылының туристік аймағында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Ақмешіт өзеніндегі су деңгейі көтерілді.
"Салдарынан демалыс аймағы мен пикник аумағын байланыстыратын екі уақытша қолдан жасалған көпір шайылып кетті. Сондай-ақ Екпінді аумағындағы өткел зақымданды", - деп жазылған хабарламада.
Оқиға орнына ТЖМ күштері жедел жетіп, Екпінді ауылынан қауіпсіз жерге 11 адам, оның ішінде 7 бала көшірілді. Демалыс аймағынан 70 адам, соның ішінде 20 бала эвакуацияланды.
Уақытша өткел ұйымдастыру үшін арнайы техника жұмылдырылды. Адамдарға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Оқиға орнында ТЖМ қызметкерлері, "Қазселденқорғау", полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмысын жалғастырып жатыр.
Түркістан облысында жолды су шайып кетті