АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Smart Cargo цифрлық платформасының арқасында Қазақстанда шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады.
Үкімет отырысында цифрлық жобаларды жүзеге асыру туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады.
Трансформацияның негізгі құралы мемлекеттік органдар мен бизнесті біріктіретін Smart Cargo платформасы болды.
"QR кодтары арқылы жүйе жүк деректеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді, құжаттарды автоматты түрде тексереді, маршруттар құрады және қажетті рұқсаттарды анықтайды. Бұл шекарадан өту уақытын 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартады деп күтіліп отыр", - дейді үкіметте.
Теміржол секторын цифрландыру бойынша 10-ға жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның негізгісі – KinetiX диагностикалау жүйесі.
"Бұрын диагностика қолмен жүргізіліп, 2 сағатқа дейін уақыт алатын және адам факторына тәуелді болатын. Қазір жүйе вагондарды 9 негізгі параметр бойынша автоматты түрде, нақты уақыт режимінде тексереді. Нәтижесінде диагностика 8 минутқа дейін қысқарды", - деп жазылған хабарламада.