2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау аяқталды

Тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады
Sputnik
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. 2026 жылғы негізгі ұбт-ға өтініштер қабылдау аяқталды, деп хабарлады ғылым және жоғарғы білім министрлігі.
Тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.
240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген. Ал 2025 жылы – 216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мың өтініш. Оның ішінде тапсырушылардың 73%-ы қазақ тілінде, 27%-ға жуығы орыс тілінде, 521 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.
"Тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 17,9%-ы "Математика-Физика" пәндер комбинациясын, 14,5%-ы "Биология-Химия" пәндер комбинациясын, 12,4%-ы "Шығармашылық емтихан" комбинациясын таңдаған", - деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, талапкерлерге тестілеу күнін, уақытын және пунктін таңдау мүмкіндігі берілген. Негізгі ҰБТ-ға дайындық деңгейін арттыру үшін қаңтар және наурыз ҰБТ-ларын тапсырған талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылған.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері (сондай-ақ грант иегері атанған жағдайда білім беру грант куәлігі) жойылады.
Келесі жылы оқушылар ҰБТ-ны басқаша тапсырады – үкімет нақты өзгерістерді жариялады