Стратегия қабылданып, ауқымды жоба қолға алынады - Тоқаев

Президенттің айтуынша, бүгінде жасанды интеллект саласында атқарылған жұмыс аз емес
Sputnik
АСТАНА, 24 сәуір – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында тағы бір стратегиялық құжаттың қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президенттің айтуынша, бүгінде жасанды интеллект саласында атқарылған жұмыс аз емес. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жасалып, Цифрлық кодекс қабылданды. "Жасанды интеллект туралы" заң күшіне енді.
"Таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Бәріңізге белгілі, биыл елімізде – "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы". Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек", – деді мемлекет басшысы.
Осы орайда Тоқаев цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты тәсілдерді үнемі жаңартып отыру қажеттігін ерекше атап өтті.
"Есептеуіш инфрақұрылымын ілгерілету маңызды бағыт болып қала береді. Суперкомпьютер кластерінің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтудағы айтулы уақиға болды. Келесі мақсат – елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді", - деді президент.
Сонымен қатар, осы жиында президент жасанды интеллект бойынша үздік шешімдерді енгізген мемлекеттік органдарды марапаттады. Мемлекеттік органдар арасында ішкі істер министрлігі "AI Қауіпсіздік" аталмында үздік деп танылды.
"AI Экономикада" - бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, "AI Әлеуметтік саясат" аталымында - Астана қаласының әкімдігі, "AI Өңірде" - Ақмола облысының әкімдігі, "AI Азаматтарға қызметте" - Қарағанды облысының әкімдігі, ал "KEGOC" компаниясы "AI Квазимемлекеттік сектор" аталымында топ жарды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы alem.ai battle жарысының жеңімпаздарын марапаттады.
Тоқаев пен Гебрейесус денсаулық саласына ЖИ-ді енгізу мәселесін талқылады