АСТАНА, 22 сәуір – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңартылған тәсілдерін таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрлік ресми сайтына https://www.gov.kz/memleket/entities/kdso/press/news/details/1206309?lang=kk сілтеме жасап.
Жаңа модельге сәйкес, педагогтердің басым бөлігі пәндік білім бойынша міндетті тестілеуден босатылады.
"Бұл ретте тестілеу педагогикалық мамандыққа алғаш рет келетін түлектер, қызметін қайта бастайтын педагогтер, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлер үшін сақталады. Ал бағалау тест нәтижесіне емес, педагогтің күнделікті жұмысына және білім сапасына қосқан нақты үлесіне негізделеді", - дейді министрлік мамандары.
Бұдан бөлек, эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу талаптары алынып тасталды. Бұдан былай біліктілік санаттары бойынша аттестаттау "Ұстаз" платформасы арқылы өтеді. Ал мұғалімнің еңбек өтілі, біліктілігі, кәсіби жетістіктері, сертификаттары және портфолиоға қажетті өзге де мәліметтер автоматты түрде жүктеледі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тестілеуден сәтті өткен және шекті балл жиналған педагогтерге біліктілік санаты бойынша үстемеақы 1 қыркүйектен бастап төленеді.
"Алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған, бірақ талаптарға сай портфолиосы бар педагогтерге шілде айында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Қайта тестілеу қорытындысы бойынша да шекті балл жиналмаған жағдайда тиісті біліктілік санаты берілмейді", - делінген ресми хабарламада.
Сонымен бірге қайта тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер биылғы қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске асырылатын жаңа модель аясында аттестаттауға қатыса алады.
Біліктілік санаттары бойынша ашық сабақтар саны мен біліктілікті арттыру сағаттарының көлемі де қысқартылады. Енді педагогтің практикалық жұмыс нәтижелеріне, жобаларға қатысуы, тәрбие жұмысы мен кәсіби тәжірибесіне басымдық беріледі.