АСТАНА, 21 сәуір – Sputnik. Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты, деп хабарлады Ақорда.
"Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу", – деді Моңғолия президенті.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан президентін жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл тарихи уақиға Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға негіз болатынына сенім білдірді.
Келіссөз барысында тараптар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен, туризм, көлік-логистика, өңіраралық байланыс бағыттарындағы өзара тиімді серіктестік перспективасын талқылады.
Мемлекеттер басшылары бұл ретте Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру, Астана – Ұлан-Батыр, Өскемен – Өлгей бағыттарындағы әуе рейстерін қайта ашу, екі ел арасында төте автокөлік жолын салу мәселесін пысықтау мақсатында Үкіметаралық жұмыс тобын құрудың маңызына мән берді.
Қазақстан президенті Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығын ашуға көрсеткен қолдауы үшін Моңғолия президентіне алғыс айтты.
Бұдан бөлек, кездесуде екі елдің білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастығын ілгерілету мәселесі қарастырылды.