АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Түркияда Анталия дипломатиялық форумы басталды.
Осы іс-шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Президент форумының панельдік сессиясына қатысу үшін NEST конгресс орталығына барды.
Бұл жаһандық тәуекелдерді талқылауға, аймақтық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге және жетекші әлемдік саясаткерлер арасындағы диалогты дамытуға арналған жыл сайынғы жоғары деңгейдегі халықаралық конференция.
Оны Түркия сыртқы істер министрлігі президент Режеп Тайып Ердоғанның жетекшілігімен ұйымдастырды.
17 сәуірде Тоқаев "Болашақты жоспарлау: Белгісіздікті басқару" панельдік сессиясына қатысады. Оған Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова және Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе де қатысады.
Форумға сондай-ақ 20 мемлекет басшысы және 50-ден астам дипломат пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Іс-шара 17-19 сәуір аралығында Анталия провинциясының Белек қаласында өтеді.