АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Венгрияның "Тиса" партиясының жетекшісі Петер Мадьяр Украинаның Еуропалық Одаққа қосылуы мәселесі Венгрияда референдумға шығарылатынын мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
"Егер Украина барлық келіссөзді аяқтаса, онда Венгрияда Украинаның Еуроодаққа қосылуы бойынша референдум өтеді. Бірақ мен бұл жақын арада немесе алдағы он жылда болады деп ойламаймын", - деді Мадьяр халықаралық баспасөз құралдарына арналған баспасөз мәслихатында.
Ол жалпы Украинаның Еуроодаққа жеделдетілген тәртіппен кіруін құптамайтынын жеткізді.
"Біз бастапқы кезде-ақ мынаны айтқанбыз: Украинаның Еуроодаққа жеделдетілген тәртіппен кіруін қолдамаймыз. Біз соғыс жағдайындағы ел туралы айтып отырмыз. Сондықтан соғыс жағдайында тұрған елдің Еуроодаққа қосылуы мүмкін емес", - деді Мадьяр.
Еске салайық, Венгрияда жексенбі күні парламенттік сайлау өтті. Венгрия сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыстардың 98,9%-ы саналғаннан кейін Петер Мадьярдың "Тиса" партиясы премьер-министр Виктор Орбанның "Фидес" партиясынан айтарлықтай басымдыққа ие екені анықталды. Комиссияның мәліметі бойынша, "Тиса" парламенттегі 199 орынның 138-ін алады, бұл конституциялық басымдық үшін жеткілікті. Екінші орында тұрған "Фидес" 55 орын алады деп күтіліп отыр.