АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Қаржы министрлігі тағы 7 блогерге қатысты тексерісті бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, бұған дейін 854 блогерге салық төлеу туралы хабарлама жіберілген болатын. Себебі олардың жалпы табысы 72 млрд теңгеге төмендетіліп көрсетілген. Осы уақытқа дейін 622 блогер қосымша салық есебін тапсырып, өз табысын 18,3 млрд теңгеге ұлғайтты. Одан кейін қосымша 1 млрд теңгенің салығын төледі. Бүгінде тағы 600 млн теңгенің салығын төлеу туралы нұсқама жіберілді.
"Қазіргі кезде 7 блогер бойынша тексеру шаралары жүріп жатыр. Олардың қосымша саналған салық мөлшері 10 миллион теңгеден асады. Егер салық өз еркімен төленбейтін болса, құқық қорғау органдары арқылы өндіріп аламыз немесе процессуалды шешім қабылданады", - деді Біржанов үкіметте өткен брифингте.
Вице-министр тексеріске алынған блогерлердің есімін атамады. Себебі бұл ақпарат салық құпиясына жатады.