АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан парламент сайлауының алдын ала нәтижелерін өз партиясы үшін ауыр деп атады, деп хабарлайды РИА Новости.
"Сайлау нәтижелері түсінікті болып тұр, бірақ бұл ақырғы нәтиже емес", - деді ол жақтастары алдында сөйлеген сөзінде.
Дауыстардың 95,63%-ы саналғаннан кейін оппозициялық "Тиса" партиясы 199 орынның 138-ін жеңіп алды. Орбан басқаратын биліктегі "Фидес" альянсы, яғни христиан-демократиялық халық партиясы 55 орынға ие, ал оңшыл "Біздің Отанымыз" партиясы тағы жеті орынға ие.
Премьер-министр "Тиса" партиясын жеңісімен құттықтап, "Фидес" оппозицияда да елге қызмет етуді жалғастыратынын мәлімдеді.
"Қандай жағдай болмасын, біз оппозицияда да Отанымыз бен венгр ұлтына қызмет етеміз", - деп мәлімдеді Орбан "Фидес" штаб-пәтерінде жақтастарына үндеу жасап.
Еске салайық, Венгрияда парламент сайлауы өтті, онда 199 парламент мүшесі сайланды. Астана уақыты бойынша сағат 21:30-ға дейін сайлаушылардың қатысуы рекордтық 77,8%-ды құрады, бұл 2022 жылғы нәтижелерден асып түсті. 5,8 миллионнан астам адам дауыс берді. Алдыңғы сайлауда бұл уақытқа дейін сайлауға қатысу 67,8% болды.
Айта кетері, дауыс беру Киев пен Еуропалық Одақтың қазіргі премьер-министр партиясының билікте қалуына кедергі келтіру әрекеттері аясында өтті.
Петер Мадьярдың "Тиса" партиясы оның негізгі бәсекелесі болып саналды. Ол ЕО және НАТО-мен тығыз ынтымақтастықты мақсат етеді. Елдің қазіргі билігі де бұл саяси күш Украинаны қаржыландыруды және оның Еуропалық Одаққа жеделдетілген режиммен кіруін мақұлдайды деп санайды.