АСТАНА, 13 сәуір – Sputnik. Қарағанды полициясы балалар алаңында болған оқиғадан кейін тексерісті бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде осы оқиғаның видеосы тарады. Оған сәйкес, 12 сәуір күні балалар алаңында екі бала келіспей қалды. Сол кезде біреуі ата-анасына шағымданған. Осыдан кейін алаңға келген ер адам жасөспірімді кеңірдегінен ұстап, жерге итеріп жіберген.
Облыстық полиция бұл оқиғаны әлеуметтік желілерді зерделеу кезінде анықтағанын хабарлады. Осы уақытқа дейін полицияға шағым түспеген. Дегенмен, видеодағы адамдардың барлығы анықталып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілген.
"Қазіргі кезде жан-жақты тексеріс шаралары басталды. Соның нәтижесінде заң бойынша әрбіреуінің әрекетіне құқықтық баға беріледі", - дейді тәртіп сақшылары.
Осы орайда полиция кез келген келіспеушілікті тек заң бойынша шешу қажеттігін еске салды.