АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Венгрияның сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Петер Сийярто егер Виктор Орбан үкіметі билікте қалса, ел Ресейдің мұнайы мен газын сатып алу мүмкіндігі үшін күресті жалғастыратынын, Украинаның Еуроодаққа кіруіне жол бермейтінін және украин әскерін қаржыландыруға ақша жібермейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Брюссель Еуропа елдерінің, соның ішінде венгр халқының қаржысын Украинаға бағыттағысы келеді және Украинаны Еуроодаққа қосуды көздейді. Бірақ Венгрия бұған жол бермейді.
"Ұлттық, тәуелсіз үкімет тұрған кезде Венгрия соғысқа араласпайды, халықтың ақшасы елде қалады және Украина ешқашан Еуроодаққа кірмейді", - деді Сийярто. Бұл мәлімдемені ол Будапештегі сайлау алдындағы митингіде жасаған.
Министрдің сөзінше, парламент сайлауынан кейін Брюссель Венгрияны Ресей мұнайынан толық айыруға тырысады. Алайда Орбан үкіметі ресейлік энергия көздерін сақтап қалу үшін күреседі.
Парламент сайлауы бүгін өтеді. Оған премьер-министр Виктор Орбанның "Фидес" партиясы және оның кіші коалициялық серіктесі – "Христиан-демократиялық халық партиясы", сондай-ақ ЕО және НАТО-мен тығызырақ ынтымақтастықты көздейтін "Тиса" партиясы қатысады.