АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын Ұлан-Батырда өткен Азия біріншілігінде табысты өнер көрсетуімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент спортшыларымыз жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін көрсеткенін айтты.
Құттықтауда Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова секілді спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріліп, ортақ жетістікке зор үлес қосқанына назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің әлемдік жарыстарда көк байрағымызды биікте желбірете берулеріне тілектестік білдірді.
Еске салайық, Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші орын алды. Команда 13 медаль жеңіп алды: 6 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде.
Олардың арасында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да бар. Ол алтын медаль жеңіп алып, алғаш рет Азия чемпионы атанды.