Полицейлермен тәжікелесу, оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет – Тоқаев

Мемлекет басшысы сотқарлар мен бұзақыларды "қаһарман" жасауға заң аясында қатаң шара қолдануды тапсырды
Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күніне орай ғалымдарды марапаттау рәсімінде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталды, деп хабарлады Ақорда.
"Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Оның айтуынша бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымы ауқымды түрде жаңғыртылған. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр.
"Демек бұл жағдайға үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс. Полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет", - деп толықтырды президент.
Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды "қаһарман" жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек.
"Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет", - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев Құрылтай сайлауы қашан өтетінін айтты