Астанада әріптестерін алдаған әйел сотталды

Жәбірленушілерге 2 млн теңгеден астам шығын келтірілген
Sputnik
АСТАНА, 10 сәуір – Sputnik. Отбасылық жағдайын сылтауратып, алаяқтық жасаған әйел сотталды, деп хабарлады Астана прокуратурасының сайты.
Сотталған әйел декреттік демалыста отырып, өзінің әріптестерін бір жыл бойы алдап келген. Ол отбасында қайғылы оқиғалар болғанын, оның ішінде анасы дүниеден өтіп, баласының ауыр хәлге түскені жөнінде жалған мәлімет берген, сол арқылы жанашырлық сезімін тудырған.
"Оның сөзіне сенген әріптестері отбасылық мәселелерді шешуге және баланы емдеуге ақша қаражатын аударып отырған", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге 2 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, келтірілген залалды ішінара өтеуін ескере отырып, сот оған 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілей отырып, бас бостандығын шектеу жазасын кесті.
Үкім заңды күшіне енді.
"Балам терезеден құлап кетті": елордада әйел әріптестерін алдап, Түркияда демалып қайтқан