АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Астанада полицейлер 14 жастағы жасөспірім жүргізген көлікті тоқтатты. Ол жол ережелерін өрескел бұзған, деп хабарлайды Астана қаласының полиция департаменті.
Көліктің жол ережесін бұзғаны бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талабына бағынбай, жасырынбақ болған. Салонда онымен бірге кәмелетке толмаған досы болған.
"Бұл көлік бірінші рет жол ережесін бұзып тұрған жоқ. Биылғы жылдың наурыз айында дәл осы көлікпен көптеген бұзушылықтар, соның ішінде қауіпті маневр жасалған. Көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды", - дейді полицияда.
Кәмелетке толмаған азаматтың заңды өкілдері оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін жауапқа тартылды.