АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Файсал Әл-Кахтаниді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагері, Сауд Арабиясының премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың екі елдің сан қырлы ықпалдастығын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтті.
"Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман – шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы мықты әрі беделді көшбасшы. Оның өз Отанын өркендетуді көздейтін көреген әрі прогрессивті стратегиясы, сондай-ақ халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде атқарған рөлі ең жоғары баға мен құрметке лайық", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын растады. Сауд Арбиясының елшісі Файсал Әл-Кахтани өз елінің Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін айтты.
Ол жақында қол қойылған инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ екі ел арасында координациялық кеңес құру тиімді байланыстарды жандандыруға жол ашатынына назар аударды.
Бұдан бөлек, дипломат Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан президентінің көрсеткен жан-жақты қолдауына Сауд Арабиясы басшылығының шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның бітімгерлік келіссөздерді киелі Түркістан шаһарында өткізу туралы бастамасының өзекті екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету әрекеттеріне алдағы уақытта да жәрдемдесуге әзірлігін, сондай-ақ Сауд Арабиясына және Шығанақтағы барлық елдерге тілектестігін білдірді.