АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Ленинград облысында болған оқиғаға қатысты ресми ақпарат жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, вахтамен жұмыс істейтін қазақстандықтар мен күзет мамандары арасында жанжал туындаған. Бірақ себебі белгісіз. Ал видеодан арнайы шамдары бар көліктің жиналған адамдарды қағып кеткенін анық көруге болады.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаның 26 наурызда Усть-Луга кентіндегі "Велестрой" компаниясының нысанында болғанын растады. Қазіргі кезде дипломаттар қазақстандықтардың қатысуымен болған жанжал туралы ақпаратты тексеріп жатыр.
"Мән-жайды анықтау үшін Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары оқиғаға қатысқандарды ұстаған. Ресейдің құзыретті органдарына және компания басшылығына ресми сұраулар жолданды. Дипломаттар Қазақстан Республикасы азаматтарының нақты санын және құқықтық мәртебесін анықтау мақсатында Санкт-Петербург қаласы және Ленинград облысы бойынша ІІМ Бас басқармасымен байланыста", - делінген ресми хабарламада.
Ал министрлік бұл мәселені ерекше бақылауға алды.