АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Алматы қаласында кәсіпкерлерді қорқытқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгін адам ұрлау және денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілеріне қатысты қылмыстық істер бойынша жедел тергеу шаралары атқарылды. Соның нәтижесінде барлық күдікті анықталды.
"Ал тінту кезінде заңсыз айналымнан атыс қарулары, оның ішінде сәйкестендіру нөмірлері жоқ тапаншалар мен Калашников автоматы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 500-ге жуық оқ-дәрі тәркіленді", - дейді полицейлер.
Жедел ақпаратқа сәйкес, тәркіленген қару мен оқ-дәрілерді кәсіпкерлерге криминалдық қысым көрсету үшін пайдалануға арналған.
Күдіктілердің барлығы қамауға алынды.