АСТАНА, 24 наурыз – Sputnik. Қазақстан президентінің жарлығымен альпинист Ерванд Ильинскийге "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ильинскийге бұл атақ альпинизмдегі аса үздік жетістіктері үшін ғана емес, қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін де беріліп отыр.
"Альпинизмдегі аса үздік жетістіктері, сондай-ақ елдегі спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін Ерванд Тихонович Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілсін", - делінген жарлықта.
Айта кетері, Ерванд Ильинский - кеңестік және қазақстандық альпинист, КСРО және Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО халықаралық спорт шебері. Оның жетекшілігімен қазақстандық альпинистер әлемде бірінші болып "ғаламшардың 14 биік шыңын" бағындырған.
Айта кетері, бұған дейін Республика күні қарсаңында бірнеше адамға "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы табысталған болатын.