АЛМАТЫ, 23 наурыз - Sputnik. Түркістан облысында 1500 тұрғын "Мөлдір бұлақ" акциясына қатысты, деп хабарлайды облыстық әкімдік.
Түркістан облысының шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды экологиялық іс-шара өтті. Акция барысында "Әулие бастау" бұлағының көзі тазартылып, айналасы абаттандырылды.
"Бұлақ көрсең көзін аш": 1500 түркістандық республикалық акцияға қатысты
© Photo : Түркістан облысының әкімдігі
Сонымен қатар табиғат көркін арттыру мақсатында бұлақ маңына ағаш көшеттері отырғызылды.
"Бүгінгі акцияға облыс бойынша 1500 адам қатысып жатыр. Жалпы, алдағы уақытта өңірдегі 1500-дей бұлақтың көзін ашамыз", – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
"Әулие бастау" бұлағы – 1940 жылдан бері халық игілігіне қызмет етіп келе жатқан маңызды су көзі. Бүгінде ол Жыланды және Көкбұлақ өзендері арқылы Арыс өзеніне құйып, бірнеше ауылдың егістік алқаптары мен тұрғын үйлерін сумен қамтамасыз етіп отыр.
Атап айтқанда, 45 гектар суармалы жер, 30 гектар егістік және 120-дан астам үй осы бұлақтың игілігін көріп отыр.
Айта кету керек, "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы аясында өңір бойынша 1,3 миллионға жуық тұрғын қатысып, 1 миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылған.