Сағатына 320-340 шақырым: Алатау мен Алматы арасындағы аэротакси қалай қатынайды

Аэротакси үшін квадропорттар салынады
Sputnik
АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласында аэротакси қалай қатынайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі жоспарға сәйкес, аэротакси үшін квадропорттар салынады. Ол жерден Алматыға және негізгі туристік жерлерге жетуге мүмкіндік болады.
"Әзірше, біз Алатау мен Алматы арасындағы маршруттарды анықтауды жоспарлап отырмыз. Ұшу биіктігін, жиілігін айқындау керек. Басқа ұшақтар бар, құстар бар. Соның бәрін ескеру қажет", - деді Бозымбаев үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, аэротаксиге билеттер онлайн режимде сатылады.
"Мәселен, сіз Алматыға ұшып келдіңіз. Сонда таксиге отырмай, онлайн билетті алдын ала алып, бірден жақын жердегі алаңға өтесіз. Сол жерден аэротаксиге отырасыз. Ондай аэротаксидің жылдамдығы - сағатына 320-340 шақырым. Сіз 10-12 минуттың ішінде Медеуде боласыз", - деді вице-премьер.
Қазіргі кезде аэротакси шығаратын компаниялар - америкалық Joby мен қытайлық AutoFlight-пен келісімшарттар жасалды. Алдымен 10 аэротакси сатып алу жоспарланып отыр.
Алатаудың ерекше мәртебесі: қаланы кім басқарады