АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ұйымдастыруымен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі аумағындағы "Қазақстан" павильонында Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.
Іс-шараға қонақтары Мәскеуде және қосымша Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, Ресей өңірлерінен келген отандастар, жоғары оқу орындарындағы қазақстандық студенттер қатысты.
Мәскеуде Наурыз мерекесі аталып өтті
© Photo : Сыртқы істер министрлігі
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Наурыздың жаңару символы екенін және биылғы жылы еліміз мерекені саяси және мемлекеттік-құқықтық жаңарудың белгісі болған жаңа Конституциямен бірге атап өтіп жатқанын мәлімдеді.
"Ғасырлар өте келе біздің әлеуметтік-тұрмыстық және өркениеттік өмір салтымыз түбегейлі өзгерсе де, бұл мерекенің мағынасы әлі де өзекті болып қала береді, тіпті одан да құдіретті және жан-жақты бола түсті" - деді елші.
Ресей қазақ қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері іс-шара барысында қатысушыларға өз жылы лебізін білдірді.
Мәскеудегі Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті Гүлшат Әлімова Мәскеуде тұрғанымен, ұлттық дәстүрлерді құрметтейтінін, сақтайтынын және жас ұрпаққа жеткізетінін атап өтті.
"Бұл біздің Отанымыз, біз өзіміздің шығу тегімізді ұмытпауымыз керек", – деді ол.
"Жолдастық" қазақ мәдениеті өңірлік қоғамдық ұйымы (Астрахан облысы) төрағасының орынбасары Әлия Ғұмарова өңірде Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтіп жатқанын және ол биыл 18 сәуірде мерекеленетінін еске салды. Сондай-ақ, қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, денсаулық, бейбітшілік және өркендеу тіледі.
Мерекеде көктемнің басты тағамы Наурыз көже және қазақ асханасының дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Іс-шара қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалады. Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан Академиялық филармониясының әртістері Еркін Өтегенов пен Айбар Хайырханов, сондай-ақ виртуоз баяншы Олжас Нұрланов пен әнші Александр Фролов өздерінің шығармашылық шеберлігін көрсетті.