Тоқаев парламент сайлауы қашан өтетінін айтты

Тоқаев парламент сайлауы өтетін мерзімді атады
Sputnik
АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сайлауын жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Ақордада мемлекет басшысы арнайы жарлыққа қол қойды. Бұл құжат Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды.

"Көп ұзамай парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет", - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді.
"Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн", - деді президент.
Айта кетері, жаңа сессия жыл сайын 1 қыркүйекте басталады.
Тоқаев: Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді