АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Қазақстанда алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жарияланады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен салтанатты жиында мәлімдеді , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалған болатын.
Президент енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болатынын айтты.
"Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам", - деді Тоқаев.
Айта кетері, салтанатты жиынның басында президент жаңа Конституцияға қол қойды.