АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Бүгін Ақордадағы Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында Ата заңымыздың жаңа нұсқасы шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң еліміздің Әнұраны орындалды.
Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және "2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды.
"Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым", - деді Тоқаев.