Алматыда 11 мың оқушы бір мезетте күй орындайды

Бұл іс-шараны Қазақстан рекордтар кітабына ұлттық аспапта күйді бір уақытта ең көп адам орындаған мәдени оқиға ретінде енгізу жоспарланып отыр
Sputnik
АСТАНА, 17 наурыз – Sputnik. Наурыз мейрамында алматылық домбырашылар Қазақстан рекордтар кітабына жаңа жетістік енгізуді көздеп отыр, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Наурыз мерекесін атап өту аясында Білім басқармасы "Домбыра үні" атты ауқымды акция ұйымдастырады.
"Қаланың 6-10 сынып оқушыларынан құралған 11 000 жас домбырашы бір мезетте күй орындап, ұлттық өнердің құдіретін паш етеді. Іс-шара 17 наурызда сағат 13:00-де Алматы Аренада ұйымдастырылып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеу, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және мәдени мұраны кеңінен насихаттау.
Бұл бастама Қазақстанда ұлттық аспапта бір мезетте күй орындаған ең ірі музыкалық шаралардың бірі болады, дейді әкімдікте. Қаланың барлық ауданынан жиналған оқушылар бір сахнада өнер көрсетіп, қазақ халқының бай рухани мұрасына деген құрметтің айқын белгісін танытады.
Акция қорытындысы бойынша бұл іс-шараны Қазақстан рекордтар кітабына ұлттық аспапта күйді бір уақытта ең көп адам орындаған мәдени оқиға ретінде енгізу жоспарланып отыр.
Тоқаев: Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы