АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысында төрт адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.
Іс ️Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша алқабилердің қатысуымен қаралды.
"Сотқа дейінгі тергеу органдары сотталушыға "Самара – Шымкент" автожолының 921-шақырымында жүк автокөлігін басқара отырып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жеңіл автокөлікпен соқтығысқан деген айып тақты. Жол апаты салдарынан жеңіл автокөліктегі төрт жолаушы қаза тауып, жүргізуші орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған", - дейді сот.
Алқабилердің көпшілік дауысымен шығарылған үкімге сәйкес, сотталушының әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты кінәсіз деп танылып, ақталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.