Өте баяу жүріп жатыр - Тоқаев цифрландыру процесін сынады

Президент үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді
Sputnik
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуы жөнінде жұмыс кеңесі өтті.
Президент мемлекеттік құрылымдар жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс істеуі қажет екеніне назар аударды. Негізгі мақсат – озық технология мен жасанды интеллектіні ел өмірінің әр саласына жаппай енгізу.
"Ең алдымен, қолайлы институционалдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ыңғайлы және озық цифрлық реттеу жүйесін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстармен тоқтап қалмау керектігін ескертіп, әлемде болып жатқан өзгерістердің қарқыны өте жоғары екенін еске салды.
"Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжаттарды да дер кезінде жаңартып отыру керек. Бір сөзбен, қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын "Цифрлық мемлекет" ұғымын қалыптастыру қажет, яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға баса мән беру қажет. Сондықтан заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеп үйрену керек, деді президент.
"Бізге нәтиже керек. Жасанды интеллект туралы жаңалықтарды үнемі оқып отырамын. Технологияның қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, Қазақстанның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр", – деді Мемлекет басшысы.
Президент үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл істі үйлестірумен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айналысады.
Тоқаев: Ата заңның мәтіні ғана емес, мәні мен мағынасы өзгерді