АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров желіде тараған бюллетеньдерді алдын ала үйлерге таратып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комиссия басшысының айтуынша, ол мүмкін емес.
"Себебі типографиядан шыққан әрбір бюллетень санаулы. Сосын ішкі істер қызметкерлерінің қатысуымен өңірлердегі комиссияларға жеткізіледі. Ал үш күн немесе бір күн қалғанда, осы аралықта учаскелерге тасымалданып, ары қарай күзетке тапсырылады", - деді Әбдіров комиссияның бүгінгі отырысында.
Айта кетері, бүгін ақпарат министрлігі республикалық референдум аясындағы үгіт кезінде анықталған заң бұзушылықтардың санын да жариялады.