185 млн табыс тапқан: Теміртауда жасырын криптоферма ұйымдастырған адам сотталды

Ол схеманы жүзеге асыру үшін Ресейден 156 бірлік майнинг жабдығын сатып алып, оны өз өндірістік базасына орналастырған
Sputnik
АЛМАТЫ, 12 наурыз - Sputnik. Қарағанды облысы Теміртау қаласында цифрлық активтерді заңсыз өндірген адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.
Ер адам 2021 жылғы тамыздан бастап тиісті лицензиясыз жасырын криптоферма ұйымдастырған. Ол схеманы жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясынан 156 бірлік майнинг жабдығын сатып алып, оны өз өндірістік базасына орналастырған.
"Ер адам өндірген цифрлық активтерін криптобиржадағы аккаунтында жинап, кейін оларды "BinancePool" және "Litecoinpool.org" майнинг пулдары арқылы сатқан. Сауда P2P-аударымдар арқылы, USDT-ны теңгеге айырбастау арқылы жүзеге асқан", - дейді агенттік.
Өндірілген активтердің жалпы көлемі 11,2 BTC және 90,2 LTC, бұл шамамен 185 миллион теңгеге тең.
Сот үкімімен оған бір жылға бас бостандығынан айыру және барлық майнинг жабдығын конфискациялау түрінде жаза тағайындалды.
Қылмыстық жолмен алынған 185 миллион теңге мемлекет кірісіне қайтарылды.
Ақтөбеде криптовалюта түрінде бонус ұсынған қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды