Қазақстан ТМД елдерімен радиациялық жағдайға қатысты деректермен алмасады

Алынған ақпаратты тек осы келісім аясында пайдалану қажет
Sputnik
АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаттары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялады , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Келісімге сәйкес, ТМД елдерінің уәкілетті органдары радиациялық жағдайға қатысты нақты деректермен алмасып отырады. Соның ішінде радиациялық жағдайдың жай-күйі және оның өзгеруі, сондай-ақ, үшінші мемлекеттердің аумақтарынан радиоактивті заттардың трансшекаралық тасымалы қаупі төнген немесе туындаған кезде радиациялық жағдай мониторингі туралы ақпарат бар.
Тараптар берілетін ақпараттың дәйектілігін қамтамасыз етіп, күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда ақпаратты беру мүмкін еместігі жайында бір-бірін уақытында ескертіп отырады.
Ал алынған ақпаратты тек осы келісім аясында пайдалану қажет. Ол үшін радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасудың бірыңғай тәртібі болады. Онда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы радиациялық жағдайдың параметрлері туралы берілетін ақпараттың тізбесі, форматтары, архивтеу мерзімдері мен регламенті көрсетіледі.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, көрші Қытаймен де тура сондай келісім рәсімделеді.
ТМД Парламентаралық ассамблеясы референдумға қатысты мәлімдеме жасады